2026 жылдың 12 ақпанда Ақтөбе қаласындағы №51 «Жарқын бала» бөбекжай-балабақшасында «Ұлттық тәрбие мен жасанды интеллект – балабақшадағы заманауи үйлесімділігі» тақырыбында облыстық семинар-практикум ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбие мен оқыту үдерісін заманауи талаптарға сай жетілдіруде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру және балалардың жан-жақты дамуына бағытталған инновациялық әдістермен таныстыру. Семинар барысында №51 «Жарқын бала» бөбекжай-балабақшасының педагогтері ұлттық тәрбие элементтерін жасанды интеллект құралдарымен ұштастыра отырып, өздерінің үздік іс-тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, ұлттық ойындарды цифрлық форматта түрлендіру, жасанды интеллект көмегімен логопедиялық және танымдық жұмыстарды ұйымдастыру, ұлттық ою-өрнектерді цифрлық трансформациялау бағытындағы тәжірибелер ұсынылды. Сонымен қатар музыка, дене тәрбиесі, тіл дамыту және сөйлеуді дамыту дағдылары бойынша ұйымдастырылған шеберлік іс -әрекеттері қатысушылардың қызығушылығын арттырып, практикалық қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік берді. Семинар интерактивті форматта өтіп, педагогтер арасында кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталды. Аталған іс-шара ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи технологияларды білім беру кеңістігіне енгізудің маңыздылығын көрсетіп, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің кәсіби дамуына тың серпін берді.

https://youtube.com/shorts/EsvZuCam7hw?si=hOAuA0fQaZi4Qoff